17–29 қараша аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің магистранттары халықаралық тағылымдама бағдарламасы аясында Түркия және Өзбекстан елдерінде жаңа білім беру тәжірибесін меңгерді.

«7М01201 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранттары Роза Макеева, Чинара Рузиева және Ақбота Нұрғали Түркияның Нийде қаласында орналасқан Нийде Өмер Халисдемир университетінде тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар  Назырқұлова Ақбота, Турманова Мейрамкул және Халиева Айнұр Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Пучон университетінде кәсіби тәжірибеден өтті.

Тағылымдама барысында қатысушылар шетелдік жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие жүйесімен танысып, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби құзыреттерін дамыту мүмкіндігіне ие болды. Магистранттар оқу процесін бақылап, білікті мамандармен пікір алмасып, педагогикалық әдістемелерді зерделеді.

Пучон университеті қазіргі заманғы білім беру бағдарламаларына, практикалық бағытталған оқытуға, инновациялық әдістер мен халықаралық оқу ортасына ерекше көңіл бөледі. Магистранттар білім беру технологияларын меңгеріп, цифрлық құралдарды қолдану бойынша тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.

Аталған тағылымдамалар болашақ педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, олардың тиімді педагогикалық шешім қабылдау қабілетін дамытуға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.