Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті мен Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің ұйымдастыруымен PhD Talks халықаралық сессиясы өтті.

Бұл жолғы PhD Talks докторанттар, жас зерттеушілер және оқытушылар қауымын біріктіріп, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мен халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталды.

Іс-шараның құрметті қонағы – Үндістанның SRM Institute of Science and Technology оқу орнының профессоры Кришнамурти Рамачандран. Оның қатысуы университеттің халықаралық ғылыми серіктестігін дамытудағы маңызды қадам болды.

Профессор “A smart guide to high impact writing & journal selection” тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ғылыми журналдарды дұрыс таңдау және зерттеу сапасын арттыруға арналған практикалық кеңестермен бөлісті. Докторанттар мен жас зерттеушілер спикерге белсенді сұрақтар қойып, ғылыми жарияланым мәдениеті мен жаһандық академиялық талаптар туралы пікір алмасты.

Кездесуді Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің аға менеджері Айдана Нұртаза ашып, халықаралық серіктестіктің, академиялық ұтқырлық пен ғылыми ынтымақтастықтың университет дамуындағы рөліне тоқталды.

Сессия соңында химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының атом өнеркәсібінің еңбек сіңірген қайраткері Мұхаметқали Матаев сөз алып, PhD Talks секілді шаралардың жас ғалымдарға тигізетін ықпалы мен халықаралық академиялық байланыстарды нығайтудағы мәнін атап өтті.

PhD Talks сериясы алдағы уақытта да жас зерттеушілер мен шетелдік жетекші ғалымдарды байланыстыратын алаң ретінде қызмет етіп, пәнаралық ғылыми диалогты дамытуға және жаңа халықаралық зерттеу жобаларына жол ашуға үлес қосуды жалғастырады.