Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Менталды денсаулықты дамыту орталығы сессия алдындағы дайындықты қолдауға бағытталған «Мотивация қағидалары мен практикасы» атты апталық нетворкинг жобасын бастады. Бағдарлама студенттердің оқу мотивациясын күшейтіп, емтихан кезеңінде эмоционалдық тұрақтылықты сақтауға көмектесуді көздейді.

2025 жылдың 9 желтоқсанында орталық психологтары Филология институтының 3-курс студенті Перизат Махамбетқызымен бірлесіп №7 жатақхананың студенттерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қатысушыларға мотивацияны арттыруға және емтихан кезеңінде тиімді дайындалуға ықпал ететін негізгі аспектілер таныстырылды. Студенттер ішкі және сыртқы мотивацияны қалыптастыратын факторлар, жеке ұстанымдардың оқу процесіне әсері, күйзеліс кезеңінде өнімділікті сақтайтын тиімді стратегиялар бойынша пайдалы ақпарат алды.

Жоба студенттерге сессия қарсаңында психологиялық қолдау көрсетіп, мотивацияны нығайтуға, уақытты дұрыс жоспарлау мен өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларын дамытуға бағытталған. Менталды денсаулықты дамыту орталығы алдағы уақытта да студенттердің психологиялық әл-ауқатын жақсарту бойынша қолдау шараларын жалғастыра бермек.