2025 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен ЮНЕСКО жариялаған «Сенім, өзгерістер және ертеңгі күн: 2050 жылға қажетті ғылым» тақырыбында ІІ Халықаралық жас ғалымдар конгресінің ашылуы өтті.
Шараға QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Мөлдір Абдраймова. халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева мен университеттің жас ғалымдары, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Конгрестің мақсаты – жас ғалымдардың ғылымның әртүрлі бағыттарында диалог жүргізуі үшін тұрақты платформа қалыптастыру, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген қазақстандық жас ғалымдардың әлеуетін отандық ғылымды дамытуға пайдалану, халықаралық және пәнаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту. Конгресс жұмысы 11–12 желтоқсан күндері «Ғылым ордасы» ғимаратында және Алматы қаласындағы 5 жоғары оқу орнының базасында өтеді. «Жаратылыстану ғылымдары» ғылым бағыты бойынша «Елдің зияткерлік әлеуеті» секциясы ертең, 12 желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтетін болады.
Іс-шараға 24 елден келген 60-тан астам шетелдік ғалым және 1 000-нан астам жас ғалым қатысады. Ғалымдар ғылыми еңбектерін кең аудиторияға ұсынып, пленарлық форум-сессиялар, бес тақырыптық конференция, дөңгелек үстелдер мен форсайт-сессиялар өткізіледі. Конгресс аясында халықаралық басылымдарда ғылыми еңбектері ең көп қолданылған Қазақстанның үздік жас ғалымдарына «ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҮМІТІ» (Academy Most Cited Researcher Award) атты Академияның арнайы сыйлығы табысталады.
