Академиялық мобильдік бағдарламасы аясында Түркиядан келген Анадолу университетінің профессоры Абдулкадир Ердоған Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының Математика кафедрасы студенттеріне 20 желтоқсан 2025 жылға дейін арнайы оқу курстарын өткізуде.

Профессор бакалавриаттың «Математика», «Математика (IP)», «Математика–Физика», «Математика–Информатика» білім беру бағдарламаларының студенттері үшін «Қазіргі математикалық білім берудің теориясы, тәжірибесі және инновациялық бағыттары» атты курсты жүргізіп келеді. Бағдарлама математикалық білім берудің заманауи тенденцияларын, ғылыми-әдістемелік тәсілдерді, инновациялық технологияларды және халықаралық тәжірибелерді қамтитын мазмұнмен ерекшеленеді. Бұл курс студенттердің кәсіби дайындығын жетілдіріп, білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар профессор Абдулкадир Ердоған «Математика» білім беру бағдарламасының магистранттары мен докторанттарына арналған «Математиканы оқытудың заманауи әдістері: инновациялар, бағалау және жасанды интеллект» атты ғылыми-әдістемелік курсты да өткізіп жатыр. Бұл курс ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, педагогикалық инновациялар, жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізу, бағалаудың жаңа тәсілдері сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Аталған бағдарлама жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық академиялық ортаға бейімделуіне елеулі үлес қосады.

Академиялық мобильдік бағдарламасы аясындағы бұл бастама университеттің халықаралық серіктестігін кеңейтуге, білім беру сапасын арттыруға және шетелдік жетекші мамандарды тарту арқылы оқу процесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Профессор Абдулкадир Ердоғанның QyzPU-дағы дәрістері – халықаралық ғылыми тәжірибені енгізуге, білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға және академиялық ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік.