Филология институты, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы оқытушылар мен білім беру саласының мамандарына арналған маңызды семинар ұйымдастырды.
«Білім беру платформаларының техникалық инфрақұрылымы және деректер қауіпсіздігі» тақырыбында өткен семинардың негізгі мақсаты – білім беру платформаларының техникалық инфрақұрылымын тиімді жобалау, жүйелік үйлесімділікті сақтау және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша практикалық бағыт-бағдар беру болды.
Іс-шара барысында API интеграциясы, жүйелердің өзара үйлесімділігі, пайдаланушы деректерін қорғау және киберқауіпсіздік стандарттары сияқты өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға Turatulk платформасының техникалық архитектурасы мен қауіпсіздік саясаты негізінде тиімді инфрақұрылым құрудың әдістемелік және техникалық шешімдері таныстырылды.
Семинарға «Авимед», «Аяжан», «Әділет», «Бөбек», «Димед» медициналық колледждері, «Перспектива», «Престиж» колледждері, «Сымбат» дизайн және технология академиясы, сондай-ақ Алматы қаласындағы бірқатар мемлекеттік және жекеменшік колледждердің басшылары қатысты. Олардың қатарында гуманитарлық, техникалық, экономикалық және медициналық бағыттағы оқу орындары бар. Сондай-ақ Қазақстан-Ресей жоғары медициналық колледжінің өкілдері шақырылған қонақ ретінде қатысушылар қатарынан табылды.
Бұдан бөлек, семинарға онлайн форматта да қатысушылар қосылып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған іс-шара білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
