Физика, математика және цифрлық технологиялар институтына Түркияның Niğde Ömer Halisdemir университетінің профессор-оқытушылары – Алпер Айтекін, Рифат Батталоғлу, Толға Чошкун, Митхат Ақгүн және Кемал Джандоған арнайы шақырылды. Халықаралық сапардың негізгі мақсаты – академиялық ынтымақтастықты нығайту, ғылыми тәжірибе алмасу, білім алушыларды заманауи ғылыми бағыттармен таныстыру және олардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру.

Сапар аясында студенттер мен оқытушылардың халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялану мүмкіндіктері, бірлескен ғылыми жобалар мен халықаралық жарияланымдар мәселелері талқылануда. Қазіргі таңда шетелдік ғалымдар бакалавриаттың 1–4 курс студенттеріне, магистранттар мен PhD докторанттарға 2025 жылдың 24 желтоқсанына дейін дәрістер мен семинарлар өткізуде.

Нийде Технопаркінің оқытушысы, доктор Кемал Джандоған «Білім беруде иммерсивті технологиялар» тақырыбында «Информатика» және  «Информатика және робототехника» білім беру бағдарламаларының студенттеріне дәріс оқуда. Компьютер және ақпараттық ғылымдар факультетінің деканы, профессор, доктор Алпер Айтекін «Ақпараттық жүйелерді басқару және IT-ді бизнес-процестерде қолдану» атты авторлық курсын жүргізуде.

Технология трансфері офисінің оқытушысы, доктор Толға Чошкун «Үлкен деректер экожүйесі, аналитика және машиналық оқыту» тақырыбындағы дәрістерін «Ақпараттық жүйелер», «Цифрлық аналитикалық білім беру жүйелерін жобалау» және «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламаларының студенттеріне ұсынуда.

Инвестицияларды қолдау офисінің үйлестірушісі Митхат Ақгүн «Математика», «Математика (IP)», «Математика-Физика» және «Математика-Информатика» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға «Инвестициялық процестерді модельдеудегі математикалық тәсілдер және жасанды интеллекттің аналитикалық мүмкіндіктері» тақырыбында дәріс пен семинарлар өткізуде.

Сонымен қатар, Нийде Технопаркінің директоры, доктор Рифат Батталоғлу 6В01530-Физика IP (1 курс), 6В01504-Физика, 6В01505-Физика-информатика, 6В05302-Физика, 7М01502-Физика, 7М05301-Физика, 8D01501-Физика және 8D05302-Физика білім беру бағдарламаларының білім алушыларына «Ауыр металдардың қасиеттері мен қолданылуы» тақырыбында тереңдетілген дәрістер оқып жатыр.

Бұл халықаралық академиялық бастама білім алушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, университеттің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі серіктестік әлеуетін арттыруға бағытталған.