17 желтоқсан күні Педагогика және психология институтының ұжымымен университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесудің басты мақсаты – институттың стратегиялық даму бағыттары шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын саралау, белгіленген міндеттердің орындалу деңгейін бағалау және өзекті мәселелерді талқылау болды.

Іс-шара барысында институт директоры Оразаева Гүлжан Серікқызы оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмыстары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде кеңейтілген баяндама жасады. Сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған басым бағыттар, кадрлық әлеуетті дамыту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми жобаларды іске асыру және студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселелері сөз болды.

Бейбіткүл Сәрсемханқызы институт ұжымының жұмысына жан-жақты баға беріп, бірқатар бағыттар бойынша нақты тапсырмалар мен ұсыныстарын жеткізді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, институттың алдағы даму үдерісіне бағытталған маңызды шешімдер қабылданды.

Аталған кездесу институт қызметін жүйелі жетілдіруге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған тиімді алаңға айналды.