Академиялық ынтымақтастықты дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу және білім алушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасының Ланчжоу университетінің профессоры Mr. Geng Lele университетімізде дәріс оқыды.

Ғалымның сапары студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялауға, бірлескен ғылыми жобалар мен халықаралық деңгейдегі жарияланымдар мүмкіндіктерін талқылауға бағытталды.

Дәрістер бакалавриаттың барлық курстары, магистранттар мен докторанттарға (PhD) арналды. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылық танытқан жас зерттеушілер мен профессор-оқытушылар белсенді түрде қатысты.

Mr. Geng Lele «Кванттық физика және модельдеу» тақырыбында дәрістер өткізді. Дәрістер барысында физика ғылымының өзекті мәселелері, халықаралық ғылыми зерттеулердің заманауи әдіснамалары, инновациялық технологиялар, пәнаралық зерттеулердің маңыздылығы, сондай-ақ шетелдік университеттердегі білім беру және ғылыми-зерттеу жүйесінің ерекшеліктері талқыланды. Сонымен қатар, ғылыми мақалаларды халықаралық рейтингтік журналдарда жариялау талаптары мен академиялық этика мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Кванттық физика және модельдеу», «Толқын пакетін сандық модельдеу», «Сутегі атомының кванттық моделі» тақырыптарындағы дәрістер интерактивті форматта өткізілді. Сабақтар пікірталас, сұрақ-жауап сессиялары және нақты ғылыми кейстерді талдау арқылы жүргізілді. Шетелдік ғалым өз ғылыми тәжірибесіне негізделген практикалық мысалдарды ұсынып, заманауи цифрлық құралдар мен мультимедиялық технологияларды тиімді қолданды.

Өткізілген дәрістер білім алушылардың ғылыми ой-өрісін кеңейтуге, ғылыми-зерттеу қызметіне тартылуын күшейтуге және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға оң әсерін тигізді.