2025 жылғы 17 желтоқсанда «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша Диссертациялық кеңесінде еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғашқы болып әлеуметтік ғылымдар, соның ішінде педагогикалық бағыт (шетел тілі) бойынша докторлық диссертацияны рәсімдеу халықаралық талаптарға толық сәйкестендірілген философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған ғылыми жұмыс сәтті қорғалды.

Диссертация авторы – Елеусіз Айгүл Бейбітқызы. «Exploring EFL teachers’ media literacy in Kazakhstan: a case study» тақырыбындағы зерттеу жұмысы ағылшын тілінде жоғары ғылыми деңгейде қорғалды. Отандық ғылыми кеңесшісі – Қанай Гүлмира Әмірханқызы, PhD, Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің ассистент-профессоры.
Шетелдік ғылыми кеңесшісі – Доктор Дэвид Фрост, PhD, Ұлыбритания, Кембридж университетінің Вулфсон колледжінің Құрметті профессоры.

Аталған диссертация педагогика саласында дәстүрлі позитивистік квази-эксперименталды зерттеуден өзгеше, интерпретивистік кейс-зерттеу әдіснамасы негізінде сәтті қорғалған алғашқы инновациялық жұмыс болып табылады. Бұл әдіс жалпылама қорытынды жасауға емес, құбылыстың күрделілігін, мағыналық қырларын және контекстік ерекшеліктерін терең ашуға бағытталған. Кейс-зерттеу тәсілі мектеп мәдениетін, білім беру көшбасшылығын, мұғалімдердің кәсіби дамуын және инновациялық педагогикалық тәжірибелерді зерттеуде айрықша ғылыми құндылыққа ие.

Докторант Айгүл Елеусіз үш жыл ішінде Scopus базасында индекстелген және ККСОН тізіміндегі басылымдарда алты ғылыми мақала жариялап, көлемі 285 беттен тұратын докторлық диссертация дайындады. Сонымен қатар, CESS 2024, ECER 2024–2025, AERA 2026 сынды беделді халықаралық конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады.

Аталған ғылыми жетістік педагогика (шетел тілі) саласындағы зерттеулердің халықаралық стандарттарға сай дамып келе жатқанын көрсетіп, еліміздің жоғары білім беру жүйесінің ғылыми әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады.