Алматы технологиялық университетінде Алмалы ауданы комьюнити орталығы мен «Ашық жүрек» қоғамдық қорының еріктілер ұйымының Алматы қалалық филиалы ұйымдастырған жылдық жұмысты қорытындылауға арналған салтанатты кеш өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – бір жыл бойы қоғам игілігі жолында атқарылған жұмыстарды қорытындылау, әлеуметтік жобаларға белсене атсалысқан командалар мен еріктілердің еңбегін бағалау және үздіктерді марапаттау.

Қорытынды кешке комьюнити орталығының басшылығы, жоғары оқу орындары мен мектеп филиалдарының өкілдері, бөлімдер мен командалар, серіктестер, сондай-ақ белсенділер мен еріктілер қатысты.

Салтанатты жиын барысында университеттің студенттік ректоры Нұрайлым Рахатқызы, QyzPU филиалының «Ашық жүрек» еріктілер ұйымының белсенді мүшелері – Ақнұр Садвахасова, Сабина Сарсенова, Арай Арыстанбай және Шырын Абзал қоғамға сіңірген еңбектері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар университет жанындағы «Ашық жүрек» еріктілер ұйымы «Жыл филиалы – 2025» номинациясына ие болды. Ұйым төрағасы Асем Куатова «Жыл төрағасы» атағымен марапатталды.

Бұл марапаттар – жауапкершілік пен жанашырлықтың, ортақ мақсат жолындағы табанды еңбектің айқын көрінісі. Қорытынды кеш еріктілер қозғалысының маңызын тағы бір мәрте айқындап, алдағы жаңа бастамаларға серпін берген маңызды рухани шараға айналды.