Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова Физика, математика және цифрлық технологиялар институты ұжымының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Жиын барысында институт қызметінің негізгі көрсеткіштері талданып, білім беру мен ғылыми зерттеулерді ықпалдастыруға бағытталған бастамалардың жүзеге асу барысы қаралды. Сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайындағы даму перспективалары айқындалды.
Іс-шара барысында институт директоры Гүлназ Салғараева оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар халықаралық академиялық ұтқырлықты дамыту, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін арттыру, виртуалды және цифрлық зертханаларды оқу үдерісіне енгізу бағытындағы атқарылған жұмыстар таныстырылды. Ғылыми жарияланымдар сапасын арттыру, стартап жобаларды қолдау және жас ғалымдардың инновациялық бастамаларын дамыту мәселелері көтерілді.
Жасанды интеллект, STEM және IT бағытындағы білім беру бағдарламаларын жетілдіру, шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестікті кеңейту, халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысу және цифрлық білім беру ресурстарын коммерцияландыруға ерекше назар аударылды.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы институттың технологиялық әлеуетін жүйелі дамыту, ғылыми зерттеулер нәтижелерінің практикалық маңызын күшейту, кадрлық резервті нығайту және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесу пікір алмасу және ұсыныс білдіру форматында өтіп, институттың стратегиялық басымдықтарын нақтылауға және алдағы кезеңге арналған мақсатты міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.
