Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы Кәсіби білім беру колледжінің ұйымдастыруымен қазақ халқының даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай қалалық деңгейдегі дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – батыр тұлғаның ерлік жолын, рухани-танымдық мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, студенттерге отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дарыту.

Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласындағы бірқатар оқу орындарының білікті оқытушылары қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Алматы қаласының Лингвистикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жетпісбай Толқынай Елубайқызы, Алматы Экономикалық-құқықтық және педагогикалық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Оразбекова Ұлпан Ерғалықызы, Жоғары қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің әдебиет пәні оқытушысы Нарымбетова Кульзинат Мейрбековна, сондай-ақ Кәсіби білім беру колледжінің тарих пәнінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ахметова Шынар Қадырбекқызы баяндама ұсынды.

Іс-шара барысында қатысушылар Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы, әскери ерлігі, әскери-патриоттық тәрбиедегі айрықша орны жөнінде ой қозғап, өзара пікір алмасты. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі болатын тұлғаның өнегесі жан-жақты талқыланды.

Аталған дөңгелек үстел жас буынның тарихи санасын қалыптастыруға, елжандылық пен рухани тәрбиеге бағытталған маңызды тағылымды іс-шара болды.