Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова Жаратылыстану институты мен Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты ұжымымен жұмыс кеңесін өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – институттардың стратегиялық даму бағыттары шеңберінде атқарып жатқан жұмыстар барысын саралау, өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және даму бағыттарын жетілдіру болды.

Жұмыс кеңесі барысында Жаратылыстану институтының директоры Гаухар Байташева мен Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Бақытжан Сапаров оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмыстары бойынша баяндама жасады.

Сонымен қатар алдағы кезеңдегі даму басымдықтары, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, студенттердің кәсіби әлеуетін арттыру және дағдыларын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша жұмыстар, профессор-оқытушылардың ішкі, сыртқы академиялық ұтқырлығы, «Қысқы мектеп» бағдарламасы бойынша жұмыстар, шетелдік оқу орындарымен байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Бейбіткүл Сәрсемханқызы институт ұжымына нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, алдағы даму бағытын жетілдіруге ықпал ететін маңызды тұжырымдар мен шешімдер қабылданды.