Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Пәнаралық ғылыми зерттеу орталығына барып, орталықтың ғылыми қызметімен танысты.

Сапар барысында зертханадағы заманауи құрылғылар мен қондырғылардың жұмыс барысын көріп, жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен танысты.

Қазіргі уақытта орталық аясында 4 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Жоба жетекшілері зерттеу нәтижелерін таныстырып, докторанттар, магистранттар мен студенттердің ғылыми жетістіктері туралы баяндады.

Пәнаралық ғылыми зерттеу орталығы – заманауи ғылым мен білімді тоғыстыратын маңызды ғылыми құрылым. Орталық химия және биология бағытындағы заманауи ғылыми қондырғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, Rigaku Miniflex 600 рентгенфазалық талдау құрылғысы мен VSM 300 вибрациялық магниттік қондырғысы арқылы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде.

Аталған қондырғыларда алынған ғылыми нәтижелер негізінде өнертабыс патенттері алынып, халықаралық жоғары рейтингті ғылыми журналдарда мақалалар жарияланған.

Сонымен қатар, орталықтың химия бағыты бойынша Үндістанның Ченнай қаласындағы Ғылым және технология институтымен және Түркияның Стамбул қаласындағы Йылдыз техникалық университетімен тығыз халықаралық ғылыми байланыстары қалыптасқан. Аталған оқу орындарының ғалымдарымен бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылып, тәжірибе алмасу мен ортақ зерттеу жұмыстары табысты жүргізілуде. Қазіргі таңда Йылдыз техникалық университетімен бірлескен халықаралық BAP ғылыми жобасы іске асырылуда.

Халықаралық әріптестік университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, ғылым дамуының жаңа мүмкіндіктерін кеңейтуде.