Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, Информатика кафедрасының ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасының Чжэцзян университетінің PhD, профессоры Рустам Шадиев өткізген дәрістер мен семинарлар циклінің қорытынды семинары өтті.

2025 жылғы 25 қараша мен 24 желтоқсан аралығында университетте өткен дәрістер циклі «Advanced Educational Technologies to Support Global Citizenship Education» тақырыбындағы қорытынды семинармен аяқталды. Бір ай көлемінде профессор 3-курс студенттеріне арналған «Жасанды интеллект технологиялары және оларды оқыту процесінде қолдану» және магистранттар мен докторанттарға арналған «Ғылыми зерттеулердегі генеративті жасанды интеллект: теория және практика» атты арнайы курстар өткізді.

Бұл оқу бағдарламасы Тұрақты дамудың төртінші мақсаты – «Сапалы білім беру» аясында заманауи білім берудегі ғылыми-теориялық білімді тереңдетуге және жас ғалымдардың зерттеу құзыреттілігін дамытуға бағытталған. Сабақтар барысында жасанды интеллекттің озық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы білім беруді жаңғыртудың инновациялық идеялары қарастырылды.

Курс нәтижесі қатысушыларды халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялауға, бірлескен ғылыми жобалар мен халықаралық басылымдарда жарияланымдар дайындауға берік негіз болды. Интерактивті форматта өткен курстың маңыздылығын институттың профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар жоғары бағалады.

Курсқа қатысқан «Цифрлық педагогика (IP)» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Аяжан Арайлым өз әсерімен бөлісті:

«Профессордың бір айлық курсы жасанды интеллект технологияларының білім берудегі өзекті мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Халықаралық озық тәжірибелермен танысу кәсіби көзқарасымызды кеңейтіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмысымызға жаңа серпін берді. Мұндай мазмұнды курстар магистранттар мен докторанттардың ғылыми әлеуетін арттырудағы маңызды қадам деп есептеймін», – деді магистрант.