2025 жылғы 15–20 желтоқсан аралығында Түркия Республикасының Стамбул қаласында Йылдыз техникалық университетінің базасында AP26198947 нөмірлі «Басқарылатын физика-химиялық сипаттамалары бар магниттік сезімтал орталарды әзірлеу үшін көпкомпонентті перовскиттердің синтезі және қасиеттерін зерттеу» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында халықаралық іссапар орындалып, интенсивті курс өтті.

Іссапарға Жаратылыстану институты, Химия кафедрасынан жоба жетекшісі Матаев Мұхаметқали Мұсағалиұлы және 3 жоба қызметкері қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді түрде атсалысты.

Іссапардың негізгі мақсаты – көпкомпонентті перовскиттік жүйелерді синтездеу, олардың магниттік сезімтал орта ретінде қолданылу мүмкіндіктерін зерттеу, сондай-ақ материалдардың физика-химиялық қасиеттерін басқару әдістерін халықаралық деңгейде жетілдіру болды.

 

Зерттеу жұмыстары Йылдыз техникалық университетінің «Нанотехнологии и нанохимии» ғылыми-зерттеу зертханасында жүргізілді. Жоба аясында 3d-металл кешенді оксидті магниттік нанобөлшектерді алу әдістері, олардың құрылымдық, магниттік және физика-химиялық сипаттамалары, перовскиттік материалдардың магнитосезімтал орта ретіндегі қолданбалы әлеуеті жан-жақты зерттелді.

Сонымен қатар, қатысушылар 72 сағаттық Scientific Intensive Seminar бағдарламасына қатысып, «Study of the Magnetic and Physicochemical Properties of 3d-Metal Complex Oxide Magnetic Nanoparticles» тақырыбында тереңдетілген ғылыми дайындықтан өтіп, сертификат алды.

Бұл халықаралық іссапар AP26198947 жобасының ғылыми нәтижелілігін арттыруға, зерттеу әдістемесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге және қазақстандық–түркиялық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды кезең болды.