Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары филология ғылымдарының докторы,профессор Ермекова Тыныштық Нұрдәулетқызы, PhD,аға оқытушы Рысқұлбек Дидар Жылқыбайқызы , PhD, аға оқытушы Ескермесова Гульнар Амангелдиевна және докторант Азимова Ғайни ғылыми іссапар аясында Сингапур Ұлттық университетінде (National University of Singapore, NUS) болды.
Іссапар АР26105015 «Этномәдени бірліктердің жасанды интеллект жүйесінде берілуі: тілдік ауытқулар және оны жүйелеу» жобасы бойынша ұйымдастырылды.
Сингапур Ұлттық университеті Азиядағы үздік №1 университет болып есептеледі және QS World University Rankings бойынша әлемнің ең үздік 10 университетінің қатарына кіреді.
Іссапар барысында ғалымдар әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесімен, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен және жасанды интеллектті білім беру саласында қолданудың озық тәжірибелерімен танысты.
Білім беру технологияларына арналған жасанды интеллект орталығының (AICET) директоры, профессор Бен Леонгпен семинар-кездесу өтті. Кездесу барысында жасанды интеллектіні енгізу, код-ауысымды ақпараттық іздеу жүйелерінде өңдеу жолдары талқыланды.
Сондай-ақ, университет ғалымдары технопарктермен танысып, АҚШ-та іссапарда жүрген PhD Вarid Хі Аі мырзамен онлайн кездесу өткізді. Кездесу барысында көптілді, тіларалық және аралас кодты NLP, көптілді модельдегі теңдік пен жүйелілік, көптілді машина аудармасы сияқты өзекті мәселелер қаралды.
Бұл сапар отандық ғылым мен білім беру жүйесіне халықаралық тәжірибені енгізуге, лингвистика мен жасанды интеллектті ұштастыратын зерттеулерді тереңдетуге мүмкіндік берді. Университет профессорлары үшін бұл – жаңа идеялар мен болашақ ынтымақтастықтың берік негізі.
