Халықаралық Coursera білім беру платформасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Choreoscience: би арқылы ғылымды тану» атты авторлық курсымен толықты.
Курстың авторы – Хореография және арт-менеджмент кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., PhD докторы Бәкірова Самал Әбілпатташқызы. Аталған курс хореография өнері саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу процесін түсінуге, сыни тұрғыдан ойлауға, ақпараттарды жинауға және сараптауға, ғылыми зерттеулерді түсінуге және бағалауға үйретеді.
Бағдарламада хореография мен ғылымның өзара байланысы, би өнерінің қоғамдағы рөлі, ғылыми зерттеу мәдениеті мен академиялық этика мәселелері кеңінен қарастырылады. Сонымен қатар, ғылыми ақпаратпен жұмыс істеу, зерттеу әдістерін қолдану, алынған нәтижелерді талдау, интерпретациялау және оларды практикалық тұрғыда пайдалану жолдары ұсынылған.
Курс мазмұны заманауи инновациялық бағыттарды, оның ішінде жасанды интеллекттің хореография саласына енгізілу мүмкіндіктерін қамтып, білім алушылардың ғылыми ойлау қабілетін қалыптастыруға басымдық береді. Теория мен практиканы ұштастырған бағдарлама нәтижесінде тыңдаушылар ғылыми зерттеудің негізгі кезеңдерін меңгеріп, зерттеу нәтижелерін академиялық талаптарға сай рәсімдеу, жариялау және кәсіби ортада таныстыру дағдыларын қалыптастырады.
Құттықтаймыз!
