Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Турсынбек Томирис Айдынқызы «Үздік магистрант» байқауында жеңімпаз атанды.
Аталған байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған республикалық форум аясында өтті. Шара «Адал адам – Адал ұрпақ» ұлттық тұжырымдамасын дәріптеуге бағытталып, жастардың ғылыми-зерттеу қызметін қолдау, кәсіби ойлау қабілеті мен зияткерлік әлеуетін дамытуға арналды.
Байқау барысында қатысушылардың магистрлік диссертацияны орындау барысы, ғылыми мақалалары мен жарияланымдары, ғылыми-зерттеу қызметі, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы және білім беру саласына қосқан үлесі жан-жақты сарапқа салынды.
Сонымен қатар форум аясында қатысушылар үшін ғылыми-зерттеу мәдениетін арттыруға бағытталған мазмұнды тренингтер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ғылыми зерттеуде дұрыс сұрақ қоя білу, магистрлік диссертация жазудың негізгі талаптары және өзге де өзекті тақырыптар қамтылды.
Республикалық форум Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында салтанатты түрде өтіп, жеңімпазға «Үздік магистрант» төсбелгісі мен диплом табысталды.
Бұл жетістік – университетіміздің ғылыми әлеуетінің, жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған жүйелі жұмысының айқын көрінісі.
