Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қысқы мектеп – 2026» бағдарламасы аясында профессор-оқытушылар құрамына арналған «Білім берудің белсенді әдістері» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курстары басталды. Бағдарлама 12–16 қаңтар аралығында Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр.

Курстың негізгі мақсаты – заманауи білім беру үдерісінде қолданылатын белсенді оқыту технологияларын меңгерту, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және педагогикалық қызметтің тиімділігін жетілдіру. Тыңдаушылар студентке бағытталған оқыту тәсілдерімен танысып, оларды оқу үдерісіне енгізудің практикалық тетіктерін игеруде.

Сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылып, тәжірибелік тапсырмалар, топтық жұмыстар, пікірталас пен талқылаулар арқылы өткізіледі. Курс барысында Lesson Study тәсіліне ерекше назар аударылып, оны оқу үдерісіне енгізу жолдары кешенді түрде қарастырылуда. Бұл оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуына, сабақ сапасын арттыруға және кәсіби рефлексия жасауына мүмкіндік береді.

«Қысқы мектеп – 2026» жобасы университет оқытушыларының кәсіби дамуын қолдауға, инновациялық оқыту әдістерін кеңінен енгізуге және білім сапасын арттыруға бағытталған.