Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2026 жылғы 12 қаңтарда «Winter K-Central Asia: STEM Youth Silk Road Program» халықаралық қысқы мектебі өз жұмысын бастады. Бағдарлама аясында Оңтүстік Корея мен Өзбекстан оқу орындарының студенттері арнайы келіп, бірлесе білім алуда.
Халықаралық жобаның негізгі мақсаты – Орталық Азия мен Корея елдері арасындағы академиялық және мәдени ынтымақтастықты дамыту, жастарды STEM бағытындағы білім салаларына тарту және Ұлы Жібек жолының мәдени мұрасын терең тануға жағдай жасау.
Қысқы мектепке Оңтүстік Кореядағы Сунгшин Қыздар университетінен 7 студент, Өзбекстандағы Кимё халықаралық университетінен 5 студент және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 6 студенті қатысып жатыр. Қысқы мектеп студенттер үшін ақысыз негізде ұйымдастырылған.
Қатысушылар STEM пәндері бойынша дәрістер мен практикалық сабақтарға қатысады, оқу-жаттығу семинарлары мен командалық жобаларды жүзеге асырады, мәдени-танымдық іс-шараларға қатысып, Қазақстанның тарихи нысандарымен, университеттің білім беру ортасымен жақын танысады.
Халықаралық қысқы мектепті Филология институты мен Халықаралық ынтымақтастық бөлімі ұйымдастыруда. Жоба университеттің әлемдік білім кеңістігімен байланысын нығайтуға, шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламаларды дамытуға және студенттердің академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Қысқы мектеп жұмысы аясында қатысушылар үшін білім алмасу, ғылыми зерттеулерге алғашқы қадам жасау және жаңа мәдениеттерді тану мүмкіндігі ұсынылады.