2026 жылғы 13 қаңтарда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде әлемге танымал Pearson баспа үйі мен EDU Stream компаниясы өкілдерінің қатысуымен ресми кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – QyzPU, Pearson және EDU Stream арасындағы білім беру, ғылыми және цифрлық ресурстар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау және болашақ серіктестік бағыттарын айқындау болды.
Кездесуге Pearson баспа үйінің Жоғары білім беру бөлімінің басшысы Nicolas Abdelmassih, жетекші маман Meha Chettiar, сондай-ақ EDU Stream компаниясының бас директоры Мухамеджанова Наталья және академиялық даму және сараптама директоры Эльмира Абитова қатысты.
Іс-шараны QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы ашып, университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы стратегиялық басымдықтарына тоқталды. Ол әлемдік білім беру контентін оқу процесіне енгізу, академиялық ағылшын тілін дамыту және цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Pearson баспа үйі жоғары білім беру саласындағы халықаралық тәжірибесін, заманауи оқу-әдістемелік және цифрлық ресурстарын таныстырды. EDU Stream компаниясы халықаралық серіктестік жобалар мен академиялық даму бағыттары бойынша өз ұсыныстарын ұсынды.
Сонымен қатар, университеттің ғылыми және академиялық әлеуеті таныстырылып, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, академиялық ағылшын тілін дамыту және оқытушылар мен студенттерге арналған заманауи білім беру ресурстарын енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу соңында тараптар өзара тәжірибе алмасу және ұзақ мерзімді серіктестікті дамыту бағытындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап, болашақта бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірді.