2026 жылғы 13–21 қаңтар аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Корея Республикасындағы Dongduk Women’s University профессорлары, қызметкерлері және студенттерінің қатысуымен Волонтерлік қысқы мектеп өз жұмысын бастады.

Халықаралық жоба университеттер арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға, мәдениетаралық алмасуды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды кеңейтуге бағытталған.

Қысқы мектеп аясында Корея Республикасынан келген 10 студент-волонтер мен Dongduk Women’s University профессорлары QyzPU студенттеріне білім беріп, тәжірибелік сабақтар өткізіп жатыр. Бағдарлама барысында қатысушылар студенттерді корей тілі негіздерімен, ұлттық және заманауи билермен, корей мәдениеті мен дәстүрлерімен таныстырып, волонтерлік қызмет саласындағы тәжірибелерімен бөліседі.

Волонтерлік қысқы мектептің білім беру бағдарламасына Dongduk Women’s University-дің Халықаралық алмасу және ынтымақтастық кеңсесінің профессоры SHIN HA GYUN, Волонтерлік қызмет орталығының директоры, профессор KANG SU MI, менеджерлер LEE JIWON және KO EUNA қатысуда.

Қысқы мектеп бағдарламасына білім беру дәрістері, мәдени іс-шаралар, интерактивті шеберлік сабақтары және бірлескен волонтерлік жобалар енгізілген. Бұл шаралар студенттердің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, мәдениетаралық коммуникация дағдыларын жетілдіруге және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Волонтерлік қысқы мектептің өткізілуі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Dongduk Women’s University арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, халықаралық білім беру кеңістігінде волонтерлік қозғалыстың дамуына маңызды үлес қосады.