QyzPU-да 2026 жылғы 13-21 қаңтар аралығында өткен Волонтерлік қысқы мектептің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Халықаралық бағдарламаға Корея Республикасындағы Dongduk Women’s University университетінің профессорлары, қызметкерлері және студент-волонтерлері қатысты.
Қысқы мектеп халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, мәдениетаралық алмасуды нығайтуға және волонтерлік қозғалысты ілгерілетуге бағытталды. Бағдарлама аясында Кореядан келген 10 студент-волонтер қазақстандық студенттермен бірлесіп, білім беру және тәжірибелік сабақтар өткізді. Қатысушылар корей тілінің негіздерімен, корей мәдениеті мен дәстүрлерімен, ұлттық және заманауи билермен танысып, волонтерлік қызметтегі тәжірибелерімен бөлісті.
Жабылу салтанаты мазмұнды мәдени бағдарламамен жалғасты. Хореография және арт-менеджмент кафедрасының студенттері қазақтың дәстүрлі «Айгөлек» биін орындады. Сондай-ақ қатысушылар мен волонтер-студенттердің шығармашылық нөмірлері көрермен назарына ұсынылды. Музыка кафедрасының студенттері орындаған қойылымдар ерекше әсер қалдырды: жетігеншілер ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасын, ал домбырашылар ансамблі Жақсылық Нәдірбековтің «Балдыз» күйін орындады. Кеш университет студенттерінің K-pop стиліндегі биімен қорытындыланды.
Салтанатты рәсім барысында қысқы мектепке белсенді қатысқан волонтер-студенттерге, қатысушылар мен менторларға сертификаттар табыстады.
Қорытынды сөз сөйлеген Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева Волонтерлік қысқы мектептің университеттер арасындағы серіктестікті нығайтудағы маңызын атап өтіп, мұндай халықаралық бастамалар студенттердің мәдениетаралық құзыреттерін дамытуға және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға зор ықпал ететінін айтты.
Волонтерлік қысқы мектептің табысты өтуі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Dongduk Women’s University арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға берік негіз қалады.