2026 жылғы 28 қаңтарда Жанұялық психикалық денсаулықты дамыту орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен вирустық аурулардың алдын алу мәселелеріне арналған ақпараттық кездесу өткізді.
Іс-шара барысында қауіпті жұқпалы аурулардың бірі – Нипах вирусының алдын алу жолдары кеңінен түсіндірілді.
Кездесуге Алмалы ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алмагүл Бимуратқызы Калибекова, бөлімнің бас маманы Дана Берікқызы Көшербаева, сондай-ақ «Almaty Clinic» медициналық орталығының эпидемиолог дәрігері Перизат Өмиралиқызы Амирәли спикер ретінде қатысты.
Мамандар студенттерге Нипах вирусының таралу жолдары мен алдын алу шаралары туралы мәлімет беріп, жеке гигиенаны сақтау, дұрыс тамақтану, иммунитетті нығайту және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 3 «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» аясында ұйымдастырылды. Бастама жастардың денсаулығын нығайтуға және олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.