Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Еуропалық одақтың ең ірі ғылыми-инновациялық бағдарламасы – Horizon Europe аясындағы конкурстық іріктеуде жеңіске жетті.

Аталған жетістік нәтижесінде университет халықаралық HUMAN-AI жобасының консорциумына енді. Жоба жасанды интеллекттің білім беру, ғылым және қоғамға ықпалын ескере отырып, жоғары білім беру жүйесін заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.

HUMAN-AI жобасының негізгі мақсаты – жоғары білім беру саласында жасанды интеллектіні этикалық, адамға бағдарланған және жауапты түрде қолданудың кешенді моделін әзірлеу. Жоба шеңберінде AI-ға бейімделген инновациялық оқыту стратегиялары дамытылып, академиялық ортаға сәйкес soft skills жүйесі қалыптастырылады.

Сонымен қатар оқу бағдарламаларын еңбек нарығы талаптарымен үйлестіру, цифрлық сауаттылықты этикалық және адамгершілік құндылықтармен ұштастыру, технологиялық трансформация жағдайында білім берудегі адам факторын сақтау мәселелері зерттеледі.

HUMAN-AI – халықаралық деңгейдегі жоба. Консорциум құрамына Польша, Эстония, Португалия, Нидерланд, Словакия, Украина, Түркия, Қазақстан, Таиланд және Бразилия елдерінен жетекші білім беру және ғылыми ұйымдар енген. Жобаның Қазақстандағы жетекшісі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Гүлназ Ибрагимқызы Салғараева .

Бұл жетістік Қазақстанның халықаралық ғылыми қауымдастықтағы позициясын нығайтып, еліміздің жоғары ғылыми әлеуеті мен білікті кадрлық ресурсы бар сенімді ғылыми-технологиялық серіктес ретінде танылып отырғанын көрсетеді.

Атап өту қажет, бұл – Қазақстан бойынша Horizon Europe бағдарламасына енген екінші жоба. Осылайша, еліміз еуропалық ғылыми кеңістікте жай қатысушы емес, тең құқықты және сенімді серіктес деңгейіне көтеріліп отыр.