2026 жылғы 6 ақпанда «Алматы облысы Білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша Білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Береке орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы ұйымдастыруымен «Инновация мен креативтілік – білім берудің жаңа тенденциялары» атты кеңейтілген республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру, қазіргі оқулық авторлары мен мектеп мұғалімдері арасындағы сабақтастықты арттыру, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген сапалы білім беру тәсілдерін талқылау болды.
Іс-шараға Алматы облысы, Қарасай ауданының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, әдіскерлер және білім саласының басқа да өкілдері қатысты. Семинар барысында «Арман-ПВ» баспасының қазақ тілі оқулықтарының авторлары – ф.ғ.д., профессор Тыныштық Нұрдәулетқызы Ермекова, ф.ғ.к., профессор м.а. Жәмила Керімбайқызы Отарбекова және әдіскер-ғалым п.ғ.д., профессор Жарқынбике Нуайқызы Сүлейменова оқулықтардың теориялық мәселелері, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша қазақ тілі мұғалімдеріне қойылатын талаптар және оқытудың инновациялық әдістері туралы ашық диалог форматында ой бөлісті.
Семинар бағдарламасының көшбасшысы Сәуле Асанбайқызы Асанбаева университеттің жетістіктері мен даярланатын білім беру бағдарламаларын таныстырды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында «Береке орта мектебі» директоры Жанар Тлековна Айтаковамен бірлескен іс-шаралар, тәжірибе алмасу және кадр даярлау бойынша меморандум жасау жөнінде келісімге қол қойылды.
Семинар білім беру саласындағы инновациялық тәжірибені дамытуға, педагогикалық әдістемені жетілдіруге және ұлттық білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды платформа болды.