QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы студенттер жатақханасына барып, студенттердің тұрмыстық және әлеуметтік жағдайымен танысты.

Бұл сапардың басты мақсаты — студенттердің күнделікті өмір сапасын өз көзімен көру, олардың ұсыныстарын тыңдау және қажетті қолдау шараларын қарастыру.

Сапар барысында ректор студенттердің негізгі өмірлік кеңістіктерін — асхананы, кір жуу бөлмелерін, қонақтарға арналған бөлмелерді, жұмыс бөлмелерін және қоғамдық аймақтарды жеке-жеке аралап көрді. Әр кеңістік бойынша студенттердің жайлылығы мен қауіпсіздігі тексеріліп, тұрмыстық жағдайға ерекше көңіл бөлінді. Шетелдік қонақтарға арналған бөлмелер мен қызметкерлер бөлмелерінің жай-күйі де назардан тыс қалмады. 

Сондай-ақ ректор студенттермен еркін форматта тілдесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Студенттер өз күнделікті өміріндегі жағдаяттар, сұраныстар мен ойларын ашық жеткізіп, жатақхана инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар айтты.

Кездесу барысында Бейбіткүл Сәрсемханқызы студенттерге оқудағы табысқа жету, жауапкершілік пен ұйымшылдыққа мән беру, өз болашағына сеніммен қарау туралы ақыл-кеңес беріп, алдағы оқу жылында табыс тілегін білдірді.