9–14 ақпан аралығында Педагогика және психология институтының Мектепке дейінгі білім беру кафедрасы академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасу аясында Йедитепе университетінің (Faculty of Education, Preschool Education Department) өкілі, қауымдастырылған профессор, PhD доктор Selçuk Türkmen қатысуымен дәрістер циклін ұйымдастырды.
Аталған дәрістер 6B01201 — Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, 6B01202 — Мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі және логопеді, 6B01203 — Мектепке дейінгі білім беру (IP), 7М01201 — Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу білім беру бағдарламалары аясында өткізілді.
10 ақпан күні өткен дәріс «Ерте балалық шақтағы инклюзивті білім және оның салдары» тақырыбына арналды. Іс-шараға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты.
Дәрістің негізгі мақсаты – ерте балалық шақтағы инклюзивті білім берудің теориялық негіздері мен қағидаттарын, халықаралық тәжірибесін таныстыру болды. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды мектепке дейінгі білім беру ортасына кіріктірудің педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік салдары талқыланды. Дәріс барысында болашақ педагогтардың инклюзивті құзыреттерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Университет қабырғасында өткен дәріске дейін PhD доктор Selçuk Türkmen Алматы қаласындағы №22 балабақшаға арнайы барып, студенттердің педагогикалық өндірістік практика барысымен танысып, «Баланың сөйлеу тілін дамытудағы логопед жұмысы және заманауи технологиялар»тақырыбындағы семинарға қатысты.
Аталған халықаралық академиялық ынтымақтастық білім беру сапасын арттыруға, заманауи педагогикалық тәжірибелерді енгізуге және болашақ мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етті.