2026-жылдың 9 ақпанынан Сералы Қаниев атындағы кітапханада университет қауымдастығының ғылыми жарияланым белсенділігін арттыруға мақсатталған практикалық семинар өтуде.

Семинар аясында қатысушылар ғылыми ақпаратты тиімді іздеу, лицензиялық дерекқорлармен жұмыс істеу, библиографиялық менеджерлерді қолдану және авторлық ғылыми сәйкестікті басқару жүйелері, шетелдік ғылыми журналдарда жарияланым стратегиясы, ғылыми жарияланымдарда жасанды интеллектті пайдаланубойынша практикалық дағдыларын жетілдіруде.

Кітапхана әкімшілігі университет ректорының студенттерді ғылымға бакалавриат кезеңінен баулу маңыздылығы тапсырмасын ескере отырып, профессорлық-оқытушылық құрамға аталмыш жұмыстың алғышарттарын таныстырды.

Шетелдік басылымдарға мақала жариялаудағы стратегия мен ғылыми идентификаторларды баптау, Open Access модельдері, релевантты іздеу инструменттері тәжірибе жүзінде қолданып, ғылыми ізденісте жасанды интеллект құралдарын қолдану тәжірибелері мен реферативті дерекқорларда индекстелген журналдарды анықтай алу сұрақтарын қамтыған модульдер ерекше кері байланысқа ие болды. Сонымен қатар, кітапхана веб-порталында білім беру және ғылыми процестерге ақпараттық қолдау көрсету мақсатында енгізілген веб-платформа «MyLOFT» таныстырылып, оған жазылған лицензиялық және ашық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік мүмкіндіктері мен оларды платформаның ортасында пайдалану жолдары көрсетілді.

Семинар барысында Назарбаев Университетінің PhD профессоры Дуйшон Шаматовтың бағалы материалдары мен тәжірибесі мысалға алынды. Назарбаев университетінің Репозиториі ашық қолжетімділік көрінісі ретінде таныстырылды.