12-13 ақпан күндері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбында кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрліктің 2025 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2026 жылға арналған басым міндеттері туралы баяндама жасады.
Спикерлер қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрлері Гүлзат Көбенова мен Динара Щеглова, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова, сондай-ақ білім және ғылым саласының басқа да мамандары болды.
Шетелдік спикерлер қатарында Coventry University өкілі, доктор Крейг Блайт, Quacquarelli Symonds президенті Нунцио Квакварелли, Coursera компаниясының өкілі Лариса Уиткрофт, сондай-ақ өзге де халықаралық серіктестер болды.
Жиын қорытындысында ғылым мен жоғары білімді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ғалымдар «Ерен еңбегі үшін» медалімен және арнайы атаулы сыйлықтармен марапатталды.
QyzPU-дан химия ғылымдарының докторы, профессор Джиембаев Болат Жазкенұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Педагогика және психология институтының директоры, педагогика ғылымының кандидаты Оразаева Гульжан Сериковна және Информатика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мекебаев Нұрбапа Отанович «2025 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Сондай-ақ университеттің жас ғалымы Бибіғазиза Құрбанбекқызы тұрғын үй сертификатына ие болды.
Шара барысында министр Саясат Нұрбек барлық жеңімпаздарды құттықтап, еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға аянбай еңбек еткен оқытушылар мен ғалымдардың ерен еңбегін атап өтті.
«Бүгінгі марапат – ғалымдардың жеке жетістігі ғана емес, Қазақстанның білім мен ғылым саласының жоғары деңгейде дамып, жаңа белестерге жеткенінің айғағы. Алдағы уақытта да ғылым мен білім саласындағы жаңа жетістіктер мен тың идеяларды бірге жүзеге асыра береміз деп сенемін», – деді Саясат Нұрбек.
Марапат иелерін шын жүректен құттықтай отырып, ғылыми және шығармашылық табыстар тілейміз!