Филология институтының «6В01701 - Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Қоныс Айдана мен Жылқышыбай Ақерке академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Ишеналы Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті базасында білім алуда.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге шетелдік жоғары оқу орнында білімін жетілдіріп, кәсіби көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде білім алушылар Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде оқу үдерісіне белсенді қатысып, ғылыми-академиялық ортада тәжірибе жинақтауда.
Ұтқырлық аясында студенттеріміз үшін бірқатар перспективалық мүмкіндіктерге жол ашылды. Атап айтқанда, олар ғылыми және білім беру саласында халықаралық тәжірибе алмасуға, кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды.
Білім алушылар халықаралық мәдени ортада сабақтарға қатысып қана қоймай, түрлі ғылыми іс-шаралар мен студенттік бастамаларға араласу арқылы өзара тәжірибе алмасуда. Бұл – болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық білім кеңістігінде еркін бағдар табуына берік негіз болмақ.
Академиялық ұтқырлық – сапалы білім мен халықаралық серіктестікті дамытудың тиімді тетігі. Университет алдағы уақытта да студенттерге осындай мүмкіндіктер ұсынып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасай бермек.