19 ақпан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Қарамолдаева Галина Жұмабекқызының 80 жылдық мерейтойына арналған «Музыкалық білім беру жүйесіндегі вокалдық орындаушылықтың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Хореография және Арт-менеджмент пен Музыка кафедралары бірлесе ұйымдастырды.

Конференцияның негізгі мақсаты – музыкалық білім беруде вокалдық орындаушылық өнердің қалыптасуы мен даму жолдарын, қазіргі заманғы үрдістерін, педагогикалық және орындаушылық тәжірибелерді талқылау, сондай-ақ профессор Галина Қарамолдаеваның ғылыми және шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеу болды.

Конференциядан кейін Галина Жұмабекқызының шығармашылығына арналған «Өнері үлгі – жастарға» атты концерттік бағдарлама өтті. Салтанатты жиында Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ұлттық өнер мен білім саласына қосқан үлесін атап өтті.

Мерейтойлық кешке Қазақстан Республикасының Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазына Аймағамбетқызы,     Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Ағайша Исағұлова, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Гүлнар Аманжанова, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Дәулет Уәш және мерейтой иесінің шәкірттері мен белгілі өнер қайраткерлері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Тағылымды мазмұндағы кеш көрермендер үшін рухани-танымдық маңызы зор, өнегелі басқосуға айналып, мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Айта кетейік, Галина Қарамолдаева – аты аңызға айналған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің негізін қалаушылардың бірі әрі бірегейі. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қабырғасында қызмет атқарған жылдары педагог кадрларын даярлауға зор үлес қосты және «Хореография», «Мәдени тынығу жұмысы» мамандықтарының ашылуына да себепкер болды.