Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Мектепке дейінгі білім беруде STEM, экология және цифрлық технологияларды интеграциялау» атты мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің III республикалық слеті өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі білім беру жүйесінде STEM бағыттары, экологиялық мәдениет пен цифрлық құралдарды тиімді кіріктіру тәжірибелерімен алмасу және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақгүл Жұбандықова «Жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы болашақ тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбында баяндама жасап, педагог кадрларды даярлауда цифрлық құралдарды тиімді қолдану мәселесін көтерді.

Бұл жиынға басқа да  білім беру ұйымдарының сарапшылары мен практик-педагогтері қатысты. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институты өкілдері.

Сонымен қатар Ақгүл Жұбандықова академиялық ұтқырлықты дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында студенттер мен магистранттарға дәріс оқыды.

Дәрістер аясында заманауи педагогикалық зерттеу әдіснамасы, білім берудегі цифрлық трансформация,  инклюзивті орта қалыптастырудың ғылыми-практикалық негіздері,  академиялық ұтқырлықтың сапа менеджментіндегі рөлі секілді өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылып, студенттер мен магистранттар кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік алды.