25 ақпанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылармен Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасын қолдауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында кездесу өткізді.

Ашық диалог барысында жаңартылған Ата Заңның негізгі ережелері мен құндылыққа негізделген бағдарлары, мемлекеттің құқық қағидаттарын нығайтуға және азаматтық белсенділікті арттыруға қосатын үлесі жан-жақты талқыланды.

Ректор Конституцияның жаңа редакциясы қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретінін және Әділетті Қазақстан қалыптастыруға бағытталған стратегиялық реформалар бағытын айқындайтынын атап өтті. Сонымен қатар жастар мен академиялық қауымдастықтың құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы және белсенді азаматтық ұстанымды нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Кездесу сындарлы пікір алмасу форматында өтті. Студенттер мен оқытушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз ойларын білдірді. Университет алдағы уақытта да еліміздің конституциялық дамуы мәселелері бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын және сараптамалық талқылауларды жалғастырады.