Жаратылыстану институты, География кафедрасының ұйымдастыруымен география ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор Әлім Бірмағамбетұлы Бірмағамбетовты еске алуға арналған іс-шара болды.
Ғалымның ғылыми еңбектері географиялық зерттеулер тарихы мен методологиясына, қазақ жерінің жер-су атауларына, оқу-әдістемелік бағыттарға арналды. Қазақ тіліндегі география оқулықтарының негізін қалаушылардың бірі, бастауыш сыныпқа арналған «Табиғаттану», негізгі мектепке арналған «Дүниетану», «Физикалық география» оқулықтарының авторы.
Еске алу сағатында әріптестері мен шәкірттері ғалымның ғылыми мұрасы, адамгершілік болмысы, ұстаздық өнегесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Кеш қонақтары ғалымның жұбайы, педагогика ғылымдарының докторы Қазына Аймағамбетова мен шәкірті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, География және табиғатты пайдалану факультеті, География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының аға оқытушысы Мылкайдаров Әлім Толекович жылы лебіздерін білдірді.
Әлім Бірмағамбетұлы – саналы ғұмырын отандық білім мен ғылымға арнаған, университетімізде 53 жыл бойы ұстаздық етіп, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарған ұлағатты тұлға.