Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде республикалық референдум нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел  өтті. 

Жиынға проректорлар, құрылымдық бөлімдердің жетекшілері, институт директорлары, оқытушы-профессорлар қатысты. Оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, жауапты мамандарға алғыс білдірді.

Университет базасындағы №102 және №105 сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі штаттық режимде, ашық әрі заң шеңберінде өтті.  «Бұл референдум – ел тарихындағы маңызды белес. Университетіміздің ұжымы мен студенттері азаматтық жауапкершілік танытып, мемлекетіміздің болашағы үшін өз таңдауларын жасады. Бұл – біздің бірлігіміз бен ертеңгі күнге деген сеніміміздің көрінісі», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

                                                

Айта кетейік, Exit poll нәтижесі бойынша референдумға халықтың 72,1%-ы қатысса, соның 88,6%-ы конституциялық өзгерістерді қолдап дауыс берген.

Бұл қадам – еліміздегі демократиялық құндылықтарды нығайтып, «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы батыл серпін. Университет ұжымы алдағы уақытта да мемлекеттік маңызы бар бастамаларға қолдау білдіріп, саналы азаматтық қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.