Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында АҚШ Бас консулдығы өкілдерімен білім беру саласындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ екі тарап арасындағы өзара тиімді серіктестікті нығайту мақсатында кездесу өтті.

Кездесуге университет тарапынан Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Каримова, Басқарма төрағасы – Ректордың кеңесшісі Думан Жекенов, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева, бөлімнің аға менеджері Нұртаза Айдана қатысты.

Ал АҚШ Бас консулдығы тарапынан Қоғамдық байланыстар жөніндегі офицер Хира Камбодж, Ағылшын тілі бағдарламаларының үйлестірушісі Нұргүл Жанабаева және Жетісу университетінің ағылшын тілі бойынша халықаралық стипендиаты Бронвин Шибер қатысты.

Кездесу барысында тараптар университет пен АҚШ Бас консулдығы арасындағы болашақ ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Университет пен АҚШ Бас консулдығы арасындағы ынтымақтастық аясында соңғы үш жыл қатарынан университетте ағылшын тілі бойынша халықаралық волонтерлар жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ Бронвин Шибер «Сабақ барысында қозғалыс элементтерін қолдану» тақырыбында воркшоп өткізіп, Нұргүл Жанабаева американдық ағылшын тілі ресурстары туралы таныстырылым жасады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуға және академиялық байланыстарды нығайтуға өзара қызығушылық білдірді.