Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Хореография және Арт-менеджмент кафедрасының ұйымдастыруымен «Хореография өнерін ғылыми зерттеу: ұлттық балет, тарихи даму және зерттеу әдіснамасы» халықаралық ғылыми семинары өтті.
Жиынның басты мақсаты — хореография өнерін ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселелерін талқылау, ұлттық балет пен хореографиялық өнердің тарихи даму ерекшеліктерін зерделеу, сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту.
Семинар барысында Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының «Хореография педагогикасы» кафедрасының меңгерушісі, доцент міндетін атқарушы Ирина Султангирова «Своеобразие хореографического текста в национальных балетных спектаклях Узбекистана» тақырыбында баяндама жасады.Сондай-ақ «Өнер теориясы және тарихы» кафедрасының оқытушысы Елена Кари-Якубова ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басындағы Өзбекстанның хореографиялық өнерінің даму кезеңдеріне тоқталып, «Исторические аспекты развития хореографического искусства Узбекистана (ХХ - начало ХХI вв.)» атты зерттеуін таныстырды.
Ғылыми іс-шара барысында «Хореография және Арт-менеджмент» кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., PhD Самал Бәкірованың «Ғылыми зерттеу негіздері (хореография өнері саласында)» атты жаңа оқу құралының таныстырылымы өтті.
Жиын соңында факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары өзбек халық биінің даму тарихы және ұлттық өнерді сақтау мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Қатысушылар хореографиялық білім беру жүйесіндегі өзекті тақырыптарды талдап, өзара тәжірибе бөлісті.