Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Шетел тілін кәсіби даярлау кафедрасының ұйымдастыруымен, Наурызнама онкүндігі аясында «Наурыз мерекесі – қазақ және иран халықтарының ортақ мәдени құндылығы» атты мәдени шара өткізілді.

Мәдени шараны Шетел тілін кәсіби даярлау кафедрасының білім беру бағдарламасының көшбасшысы Әлиакбарова Айгерім Тілесбекқызы ашып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – «Наурыз» мейрамымен құттықтай отырып, оның терең тарихи тамыры, тәрбиелік мәні мен рухани маңызы туралы мазмұнды мәліметтермен бөлісті. Тақырыпты халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Джакубаева Салтанат Төлеуовна толықтыра отырып, бұл дәстүрдің ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы орны ерекше екенін  жеткізді.

Іс-шарада парсы тілінің оқытушысы Роза Садықова «Қазақ және иран халықтарының Наурызды тойлау дәстүрлері» туралы баяндамасында иран халықтарының «Чеһаршанбе сури», «Һафт син», «Сиздәһ бе дәр» секілді дәстүрлеріне жеке тоқталып, мазмұны жан-жақты түсіндіріп берді.

«Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 2-курс магистранты Таңсықбаева Толқын Амангельдиновна «Наурыз: көктем мен жаңарудың ежелгі мерекесі» атты тақырыпта баяндама жасап, Омар Хаям шығармаларынан Наурызға қатысты үзінділерін парсы және ағылшын тілдерінде оқыды.

Мәдени шараға QyzPU және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері  және университеттің оқытушылары мен магистранттары  қатысты.