Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп, көрнекті ғалым, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі  Кенес Нұрпейісұлының құрметіне арналған дәстүрлі «Нұрпейіс оқулары» аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараның мақсаты – тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның гуманитарлық ғылымдар саласындағы жаңа бағыттары мен ізденістерін отандық және шетелдік ғалымдар арасында кешенді түрде талқылау. «Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан: гуманитарлық ғылымдардағы ізденістер мен жаңа бағыттар» тақырыбындағы алқалы жиынның ашылу салтанатына Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова қатысып, сөз сөйледі.

Университет басшысы өз сөзінде академиктің отандық тарих ғылымына қосқан үлесін атап өтіп, заманауи гуманитарлық білім берудегі жаңа парадигмалар мен инновациялық модельдердің маңыздылығына тоқталды.

Конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдар, докторанттар мен мектеп мұғалімдері қазақстандық гуманитарлық ғылымдардың даму перспективаларын, тарихи сана мен ұлттық бірегейлік мәселелерін, сондай-ақ жасанды интеллектінің зерттеу жұмыстарындағы рөлін кешенді түрде талқылады.