Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесті.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта отандық ғылым саласы елімізде қабылданған жаңа Конституцияға сай бұдан да сапалы деңгейге көтеріліп, жоғары қарқынмен дамитынына айрықша назар аударды.

Маңызды кездесуге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы арнайы қатысты.

Мемлекет басшысы ғылыми-академиялық қауымдастық алдында сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттің зияткер қауымы университет қабырғасында қалыптасады. Жастарымыздың ғылымға, инновациялық кәсіпкерлікке, озық цифрлық дағдыларды меңгеруге қызығушылық танытатыны қуантады. Мемлекеттің міндеті – жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, олардың заманауи ғылыми базада жұмыс істеуіне, дүниежүзімен академиялық байланыс орнатуына жағдай жасау», – деп атап өтті.

Кездесу барысында Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-гуманитарлық бағытта дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.