Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында «Академиялық ұтқырлық: шетелде оқу мүмкіндіктері» тақырыбында ақпараттық-есептік семинар өтті. Іс-шараны университеттің Халықаралық ынтымақтастық бөлімі ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты – колледж студенттеріне академиялық ұтқырлық бағдарламалары туралы толық ақпарат беру, университеттің халықаралық серіктестерімен таныстыру және шетелде білім алған студенттердің тәжірибесін бөлісу.
Іс-шараны Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Джакубаева Салтанат Төлеуовна ашып, академиялық ұтқырлықтың студенттердің кәсіби дамуына қосатын үлесін атап өтті.
Жиын барысында аға менеджер Нұртаза Айдана Нұрланқызы академиялық ұтқырлықтың маңызы мен шетелдік серіктестер туралы таныстырды. Халықаралық алмасу бағдарламаларымен Венгрияның Дебрецен университетінде білім алған магистранттар Тойлыбаева Ақжібек мен Шұғыла Исланбекқызы, Оңтүстік Кореяның Донгдук қыздар университетінде оқыған Жанерке Ернатқызы, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир және Ондокуз Майыс университеттерінде тәжірибе жинақтаған Гүлдаурен Қали мен Әйзере Әбдіахапқызы, сондай-ақ Қытайдың Хубей университетінде болған Алтынай Бигашева мен Нұрайлым Нұрмағамбетова өз тәжірибелерімен бөлісті.
Студенттер шетелдегі оқу жүйесі мен құжаттарды дайындау ерекшеліктері туралы баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
