Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Цифрлық Білім Беру: Тұлғалық Даму. Stem&Ai» халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумы өтті.  Форумның басты мақсаты – цифрлық білім беру жағдайында тұлғалық дамуды қамтамасыз ету, STEM және жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне тиімді енгізу, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және халықаралық тәжірибемен алмасу.

                                        

Іс-шараның қадірлі қонағы ретінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Махсутова Зейнеп Абдыжусуповна құттықтау сөз сөйлеп, кездесудің стратегиялық маңызына тоқталды.

                                        

Ашылу салтанатында университеттің ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы заманауи білім беру трендтері мен технологиялық өзгерістердің рөлін атап өтті.

                                        

Форумның пленарлық мәжілісінде Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Локман Зор коммуникациядағы жасанды интеллектінің рөлін, Италияның GP және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Костанца Контичелли оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуды, ал Моңғолияның «Cambridge International» School Академиялық директоры Еркегүл Орал халықаралық мектептердегі құндылықтарға негізделген білім беру жүйесін таныстырды.

                                         

 Отандық ғылым саласындағы оқытушы-профессорлар жасанды интеллектің білім саласындағы тың өзгерістері жөнінде баяндамалар жасады.

                                         

Шара қорытындысында Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Атенбекова Ақмарал Бақытқызы көтерілген мәселелердің білім беру саласын жаңғыртудағы рөлін атап өтіп, қатысушыларды арнайы алғыс хаттармен марапаттады.