Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы оқу орны Ғылыми кеңесінің шешімімен құқықтану саласындағы білікті ғалым Дүсіпов Еркін Шажаұлына Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Құрметті профессоры» атағын ресми түрде табыстады.

Университеттің кеңейтілген Ғылыми кеңес мәжілісінде ректор Еркін Шажаұлының отандық ғылымдағы жетістіктерін, сондай-ақ университеттің инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры лауазымында білім ордасының дамуына қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтті.

Еркін Шажаұлы университеттегі қызметін Тарих кафедрасының профессоры ретінде жалғастыратын болады.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Дүсіпов – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітірген білікті маман. Еңбек жолын 1990 жылы бастап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде ассистент, аға оқытушы, декан орынбасары қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, заң факультетінің деканы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде экономика, өндірістік және жалпы мәселелер жөніндегі проректор, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жүйесінде вице-ректор және бірінші вице-ректор лауазымдарын атқарған.
