Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен «Жастар тәрбиесіндегі Қырғызстан мен Қазақстан тәжірибесі: азаматтық және этникалық бірегейлік» тақырыбында қонақ дәріс ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің халықаралық тәжірибемен танысуына жағдай жасау, ғылыми пікір алмасу алаңын қалыптастыру және бауырлас екі ел арасындағы академиялық байланысты нығайту.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстандағы жастар тәрбиесінің ерекшеліктері, азаматтық және этникалық бірегейлікті қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ екі елдің білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелер мен ғылыми көзқарастар кеңінен талқыланды.
Дәрістің қонағы ретінде Қырғыз ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Аида Качкынова, философия ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Эльвира Апсаматова, сондай-ақ аға оқытушылар Гүлзат Байбосунова мен Назгүл Урумкулова қатысты.
Жиын барысында білім алушылар өз ойларын ортаға салып, спикерлерге көкейкесті сұрақтарын қойып, тақырып аясында белсенді пікірталас жүргізді.
