Қытай астанасы Бейжің қаласында шетелде білім алу мәселелеріне арналған China Study Abroad Forum (CSAF 2026) халықаралық форумы мен China International Education Exhibition Tour 2026 (CIEET 2026) білім беру көрмесі табысты өтті.
Ауқымды көрмеге Қазақстан делегациясын бастап барған ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова: «CIEET 2026 көрмесі ұлттық жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ халықаралық академиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған», – деп атап өтті.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова бастаған делегация 31-ші халықаралық көрмеге қатысты. Әлемнің түрлі елдерінен 200-ден астам университет пен Қазақстаннан 30-ға жуық жоғары оқу орны қатысқан айтулы шара аясында QyzPU-дың білім беру бағдарламалары мен ғылыми әлеуеті, сондай-ақ университеттің ерекшеліктері жан-жақты таныстырылды.

Сонымен қатар, Қытай жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды.
