Халықаралық академиялық байланыстарды нығайту мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің делегациясы Бейжің қаласына ресми сапармен барып, Capital Normal University басшылығымен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында университет Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова QyzPU-дың Орталық Азиядағы әйелдер педагогикалық білімі бойынша бірегей мәртебесін атап өтіп, CNU-дың Қытайдың білім беру жүйесіндегі жоғары беделі мен ғылыми әлеуетін жоғары бағалады.

Сондай-ақ тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ педагогика саласындағы ортақ ғылыми зерттеулер мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру сияқты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық ашықтық пен инновациялық дамуға негізделген ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға келісті.
Capital Normal University – Қытай Халық Республикасы Білім министрлігі мен Бейжің муниципалды үкіметінің бірлескен қолдауына ие және елдегі «Double First Class University Plan» стратегиялық бағдарламасына енген элиталық оқу орындарының қатарына жатады.
