Университеттегі Ғылым айы аясында Мектепке дейінгі білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен «Scopus базасындағы деректерді ChatGPT көмегімен библиографиялық талдау» тақырыбында кеңейтілген тәжірибелік-тренинг ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – заманауи жасанды интеллект мүмкіндіктерін ғылыми зерттеулерге интеграциялау арқылы деректерді өңдеу тиімділігін жаңа деңгейге көтеру және халықаралық базалармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру.

Семинар спикері, PhD Мөлдір Ахмади Scopus базасындағы ауқымды ақпараттарды жүйелеуде ChatGPT құралын қолданудың тиімді алгоритмдерін көрсетті. Тәжірибелік кезеңде библиометриялық көрсеткіштерді интерпретациялау, ғылыми мақалаларға тереңдетілген талдау жасау және зерттеудің өзектілігін айқындауда жасанды интеллекттің практикалық артықшылықтарына ерекше назар аударылды.

Тренинг барысында қатысушылар спикермен еркін форматта пікір алмасып, ғылымдағы цифрлық құралдардың этикалық және техникалық аспектілерін қызу талқылады. Докторанттар мен жас зерттеушілер өздерінің ғылыми жобалары төңірегінде сауалдар қойып, жасанды интеллект арқылы зерттеу уақытын оңтайландыру бойынша құнды кейстермен танысты.